► Римд. хат, 6-тарауды бірге оқыңыздар. Бұл үзінді құтқарылу нәтижелері туралы не айтады?
Құтқарылудың дәлелі
Құтқарылғандыққа деген жеке сенімділік – Жоханның 1-хатындағы басты тақырыптардың бірі. Жохан бұл оның хабарының мақсаты екенін айтты: «Сендер Құдайдың рухани Ұлына сенгендіктен мәңгілік өмірге иесіңдер. Оған сенім артқан сендердің соны білулерің үшін бұларды жазып отырмын» (5:13).
► Егер адам құтқарылғанына сенімді болмаса, не істеу керек?
Елші сенушіге құтқарылғанына деген сенімділік қажет болатын кездер болатынын білді. Ол сенуші үшін өзінің сенімділігіне негіз болатын дәлелдер іздеудің қалыпты жағдай екенін көрсетеді. Барлық хабары арқылы ол «мынаны білеміз»[1] деп мысалдар келтірді. Ол сенушілер бұл дәлелдерді жүректерін сендіру үшін қолдана алатынын айтты[2].
Жоханның 1-хатында ерекше бөлініп көрсетілген сенушінің сипаттамасы – бұл күнәні жеңіп өмір сүру. Мәсіхшінің қалыпты жағдайы – бұл ерікті күнәдан азат өмір. Елші: «Балаларым менің, сендер күнә жасамасын деп осыны жазып отырмын» – деген (Жоханның 1-хаты, 2:1). Бұл ұстаныммен елші сенуші ерікті күнәларсыз өмір сүруі керек екенін көрсетеді және жеңімпаз өмірдің маңыздылығын көрсету үшін жазып отырғанын айтады.
«Алайда егер біреуің күнә жасап қойсаң, Әкенің алдында әділ Қорғаушымыз бар. Сол Қорғаушымыз — Иса Мәсіх. Ол өз жанын құрбан етіп, күнәларымыздың құнын өтеді. Өзіміздің ғана емес, сондай-ақ бүкіл адамзаттың да күнәларының құнын өтеді (2:1б-2)».
Мұнда ол сенушінің міндетті түрде болмаса да, күнә жасауы мүмкін екенін айтады. Ол егер сенуші күнә жасап қойса, Мәсіхтің құрбандығы бұл күнәнің құнын өтей алады деп сендіреді. Бұл сенуші күнә жасап жүре берсе, тәубеге келмей автоматты түрде кешіріледі дегенді білдірмейді. Аятта құрбандықтың қол жетімді екені және ол бүкіл әлемнің күнәсінің құнын өтеуге жеткілікті екені айтылады. Бірақ біз бүкіл әлемнің автоматты түрде құтқарылмайтындығын білеміз. Тәубеге келу – кез-келген күнәнің кешірілуі үшін қажет және күнә жасаған адамның сенуші болғанына немесе болмағанына байланысты емес. Егер сенуші күнә жасаса, ол Құдаймен қарым-қатынасын қалпына келтіру үшін тәубеге келуі керек.
Жоханның 1-хатындағы келесі аяттар ерікті күнәні жеңіп өмір сүретін сенушінің ерекшелігін көрсетеді. Жақшадағы сөз тіркестері пікірлермен бөлісу үшін қосылған.
«Егер Құдайдың өсиеттерін орындасақ, Құдайды жақыннан танитынымызды білеміз [Құдайға мойынсұнбайтын адамның мұндай дәлелі болмайды]. Құдайды танимын дей тұра, Оның өсиеттерін орындамайтын кісі — өтірікші, соның жан дүниесінен шындық орын алған жоқ (2:3-4)».
«Күнә жасаған әркімнің Құдайдың заңын бұзғаны, себебі күнә – Құдайдың заңын бұзғандық. Ал Мәсіхтің күнәларымызды алып тастауға келгенін де, Оның ешқандай күнә жасамағанын да білесіңдер. Сондықтан кім Мәсіхпен тығыз байланыста тұрса, сол күнә жасай бермейді. Күнә жасай беретін әркім Оны көрген де, таныған да емес (3:4-6)».
«Балаларым менің, сендерді ешкім де күнә жасауға азғырмасын! Әділдік істеуші адам Мәсіхтің Өзі сияқты әділ болады [күнә жасауын жалғастыра беретін ешбір адам әділ болып саналмайды]. Ал кім күнә жасай берсе, сол – шайтанның баласы, себебі шайтан әлем жаратылғаннан бері күнә жасап келеді. Бірақ Құдайдың рухани Ұлы шайтанның ісін жою үшін бұ дүниеге келді (3:7-8)».
«Рухани мағынада Құдайдан туғандар күнә жасай бермейді, себебі олардың бойында Құдай сыйлаған жаңа өмір қала береді. Осылайша олар Құдайдан туғандықтан күнә жасауларын жалғастыра алмайды (3:9)».
«Кім Оның өсиеттерін орындаса, ол Құдаймен және Құдай онымен тығыз байланыста тұрады. [Егер адам Мәсіхпен тығыз байланыста тұрмаса, ол күнә жасайды. Егер адам күнә жасаса, ол Мәсіхпен тығыз байланыста емес]. Құдайдың бізбен тығыз байланыста екенін Оның бізге сыйлаған Киелі Рухы арқылы білеміз (3:24)».
«Біз рухани балаларын сүйетінімізді Құдайды сүйіп, Оның өсиеттерін орындауымыздан білеміз. Ал өсиеттерін орындағанымыз – Құдайды сүйгеніміз; [Шынайы сүйіспеншілік мойынсұнушылықты ынталандырады. Мойынсұнбаушылық сүйіспеншіліктің жетіспеушілігін көрсетеді] (5:2-3)».
[3]«Өйткені Құдайдың рухани балалары осы күнәлі дүниені жеңеді [оның азғырулары мен рухын]. Осы дүниені жеңген күш – біздің сеніміміз (5:4)».
«Мынаны білеміз: кім Құдайдың рухани баласы болса, сол күнә жасай бермейді. Құдайдың рухани Ұлы оны сақтағандықтан, шайтан оған тиісе алмайды (5:18)».
► Бұл аяттарда сенушінің қандай ерекшелігі көрсетілген?
Бұл аяттардан сенушінің ерекшелігі – Құдайға мойынсұнып өмір сүру екенін көруге болады. Күнәні жеңу – сенушілер үшін үлкен артықшылық[4].
«Күнә дегеніміз – бұл сөздің кең таралған қолданылуына сәйкес келетін сыртқы күнә: бізге берілген Құдайдың заңын, бізге белгілі Құдайдың кез-келген өсиеті ерікті түрде бұзу. Сенім мен сүйіспеншілікте, дұға мен ризашылық рухында өмір сүретін, «Құдайдан туылған» әрбір адам күнә жасамайды және күнә жасай алмайды да. Егер сенуші Мәсіх арқылы Құдайға сенсе және Оны жақсы көрсе, ол Құдайдың өсиетін өз еркімен бұза алмайды»
- Джон Уэсли, уағыз
«Жоғарыдан туылғандардың үлкен артықшылығы»
атты уағыз
[4]Кейде сенушінің ерікті күнәларсыз өмір сүре алатынын қабылдамайтын адамдар Жоханның 1-хаты, 1:8-ге сілтеме жасайды: «Егер «күнәсізбіз» десек, онда өзімізді алдап, бізде шындықтың болмағаны». Бірақ «күнәлі болу» деген нені білдіреді? Бұл сенуші саналы түрде күнә жасай береді дегенді білдіре ме? Бұл жоғарыда келтірілген үшінші тараудың мәлімдемелеріне қайшы келеді. Егер Жохан: «әр адам, оның ішінде сенуші де күнә жасай береді» деп айтқан болса, онда үшінші тараудағы мәлімдемелерді қалай келтіретін еді? Бұл мағынасыз болар еді.
Контекст мағынаны ашады. Жетінші аятта күнәдан тазару уәде етілген. Бұл тазару «нұрда жүргендерге», яғни шындыққа сай, Құдайға мойынсұнып өмір сүретіндерге беріледі. Қазір Құдайға мойынсұнып өмір сүретіндер бұрынғы күнәларынан Мәсіхтің қанымен тазарады.
Бірақ, «күнә жасамадық, тазаруды қажет етпейміз» дейтін адамдар бар болуы мүмкін. Олар: «біздің күнәміз жоқ» дейді және осылай өздерін «алдайды». Олар ешқашан күнә жасамағандарын және өз мәселелерін Мәсіхсіз шешкендерін айтады.
Тоғызыншы аятта кешірім мен тазару тағы да уәде етілген. Оныншы аятта елші тағы да: «еш күнә жасаған жоқпыз» дейтіндер Құдайдың Өзіне қайшы келеді дейді.
Жохан мұны «Мәсіх берген тазару мен кешірім қажет емес, құтқарудың қажеті жоқ» деп санайтындардың қатесін түзету үшін жазды. Ол: «тіпті сенушілер де күнә жасауды жалғастыруда» деп айтпады, бұл оның негізгі хабары мен ондағы тікелей мәлімдемелерге қайшы келетін еді.
Жеңістегі өмір үшін Құдайдың рақымы
Жеңісте өмір сүру – мұра еткен бүлінгендік пен адамдық дәрменсіздік салдарынан қиын. Солардың кесірінен көптеген сенушілер күнәсіз өмір сүру мүмкін емес деп санайды. Бірақ Құдайдың рақымының екі мәселеге де жауабы бар.
► Мұра еткен бүлінгендік деген не?
Мұра еткен бүлінгендік – бұл адамды туғаннан бастап күнәға итермелейтін, моральдық табиғатынын бұзылуы. Сенімге келгеннен кейін сенуші күнәға деген бейімділікпен күреседі. Бірақ Құдай күнделікті жеңіс үшін ғана емес, мұра еткен бүлінгендіктен тазару үшін де рақымын береді[1].
Біз өмір бойы күнәһар болмысымызбен өмір сүруге міндетті емеспіз. Жеңіске жету үшін сенуші өзінің жүрегін Құдайға толықтай бағындырған сәтке келуі керек. Осы кезде Құдай Өзін кемелді сүйіспеншілікпен сүйе алуы үшін оның жүрегін тазартады.
► Дәрменсіздіктер деген не?
Дәрменсіздік – бұл физикалық немесе ойлау қабілетіндегі шектеулер мен кемшіліктер. Адам атаның күнәға батуы мен адамдардың күнәға бейімділігіне байланысты, біз Құдай бізді жаратқан кезден гөрі эмоционалды, ақыл-ой және физикалық деңгей бойынша әлсіздеуміз.
Дәрменсіздік дегеніміз, біздің қателіктер жіберетінімізді білдіреді. Біз қандай да бір жағдайда қалай дұрыс шешім қабылдауымыз керегін білмеуіміз мүмкін. Біздің белгілі бір этникалық топтар туралы қате пікірлеріміз болуы мүмкін. Қате ойлар құтқарылу кезінде автоматты түрде түзетілмейді.
Дұрыс емес түсініктер дұрыс емес әрекеттерді тудырады, өйткені не істеу керектігін түсінбестен, адам дұрыс емес әрекет жасауы мүмкін.
Дәрменсіздіктер адамды бірнеше себептерге байланысты азаптандыруы мүмкін. Мүмкін адам Киелі кітаптық қағидаларды қалай қолдану керектігін үйренбеген шығар. Мүмкін ол өзінің эмоцияларын басқаруға көмектесетін тәртіпті ұстанбаған шығар. Мүмкін сенушінің мықтырақ болуына көмектесетін күнделікті әдеттері жоқ шығар. Мүмкін ол Киелі Рухтың жетелеуімен жүрудің маңыздылығын түсінбейтін шығар.
Біз басқа адамдарды тез айыптауға асықпауымыз керек, өйткені олардың қай кезде ерікті күнә жасап тұрғандарын біз әрқашан біле бермейміз. Көбінесе адамдар білімсіздіктен немесе рухани жетілмегендіктен дұрыс емес әрекеттер жасайды.
Сізде бұрын-соңды ешкім сезініп көрмеген сияқты сезілген азғырулар болды ма? Сіз «күнәні толық жеңіп өмір сүру мүмкін бе?» деп ойлап көрдіңіз бе? Құдай азғырулар кезінде біздің әлсіздігімізді өтегеннен гөрі молырақ болатын рақыммен қамтамасыз етуге уәде берді:
«Сендер әлі күнге дейін қатты сыналған жоқсыңдар, еліктірген жағдайлар әдетте адамдардың бастарына түсіп жүргендегідей ғана болып келді. Ал Құдай Өзінің уәдесіне берік: Ол төзімдеріңнен артық сыналуларыңа жол бермейді. Еліктірілген кездеріңде соған шыдауға күш-қуат беріп, құтылып шығудың лайықты жолымен қамтамасыз етеді (Қорынтт. 1-хат, 10:13)».
► Бұл аяттан не біле аламыз?
Бұл аят бізге бірнеше маңызды нәрселер туралы айтады.
1. Азғыру біздің адам болғанымыздықтан туындайды. Бұл сіздің азғыруларыңыз сізге ғана тән емес дегенді білдіреді.
2. Құдай біздің мүмкіндіктеріміздің шегін біледі. Ол біздің қаншалықты шыдай алатынымызды біледі. Кейде біз қаншалықты шыдай алатынымзды өзіміз білмеуіміз мүмкін, бірақ Ол біледі.
3. Құдай бізге келетін азғыруды шектейді. Ол біздің жеңіске жетуімізді қалайды. Осы аятқа сәйкес, әрқашан жеңіске жетуге болатынын түсінуге болады.
4. Құдай бізге жеңіске жету үшін қажеттінің бәрін береді. Ол «құтылып шығуға» мүмкіндік береді. Құдайдың қалауы – біздің жеңіске жетуіміз. Ол жеңімпаз өмір үшін бізге рақымын түсіреді.
► Студенттер Римд. хат, 8-тарауды ашып, осы тарауда қолданылатын аяттарды қарауы керек.
Римдіктерге арналған хаттың 8-тарауында, бізге сенушінің өміріндегі Рухтың жұмысы туралы керемет сипаттама берілген. Киелі кітап біздің қалай дұрыс дұға етуді де білмейтінімізді, бірақ Киелі Рух біз арқылы дұға ететінін айтады.
Бұл тарау қалай жеңіске жетіп өмір сүру керектігін айтады. Егер біз күнәһар болмысымыздың емес, Киелі Рухтың қалауына сай өмір сүрсек, сотталмаймыз (1-аят). Біз Құдай күтетін әділдікте өмір сүре аламыз, өйткені Рухтың күші бізде жұмыс істейді (4-аят).
Егер адамды күнәһар болмысы басқарса, ол адам Құдайға ұнай алмайды (8-аят), ол үкімделген (1-аят) және Құдай оны соттайды («өлімге ұшырайды» 13-аят).
Киелі Рухтың күшімен және жетелеуімен біз күнәлі әрекеттерді жасауды тоқтата аламыз (13-14-аяттар).
Күнәні жеңудің маңыздылығы
Кейде мынадай сұрақтар қойылады:
Мәсіхшіге күнәнің жеңісінде өмір сүру шынымен қажет пе?
Егер адам азғырылуға берілсе, оның Құдаймен қарым-қатынасына не болады?
Құтқарылуды жоғалту мүмкін бе?
Ертедегі қауымдар егер адам Құдайға ерікті түрде қарсы шықса, құтқарылуды жоғалтатынын мәлімдеді. Бұл қауымдардың бағушылары жеңімпаз өмірдің қажеттілігі туралы ескерткен, өйткені Киелі кітапта мұндай ескертулер көп.
Тәубеге келген кезінде күнәһар жасаған күнәларына өкініп, олардан бас тартады. Құдаймен бірге өмір сүріп бастағанда, ол өзінің тағы нені өзгерту керек екенін көреді. Бұл: Құдайға ұнамайтын іс-әрекеттер, әдеттер, ойын-сауықтар немесе сөздер болуы мүмкін. Киелі кітап: «тәніміз бен рухымызды арамдайтын барлық нәрселерден тазарып, Құдайды терең қастерлеп, толығымен Оған бағышталған қасиетті өмір сүрейік!» дейді[1].
Егер сенуші өз өмірінде дұрыс емес деп санайтын нәрселерді өзгеріссіз қалдыруды жөн көрсе ше? Егер ол тәубеге келген кезде қалдырған күнәларына қайта оралса, не болады?
Кейде адамдар:
«Егер мәңгілік өмір шынымен мәңгілік болса, оны жоғалту мүмкін емес»
«Егер біз іс-әрекетімізбен емес, рақым арқылы құтқарылсақ, онда біз өз іс-әрекетіміздің салдарынан құтқарылуды жоғалта алмаймыз»
«Адасқан ұл, тіпті әкесінен алыстап, қарсы көтерілсе де, оның ұлы болып қала берді»
«Құдай құтқаруды тегін сыйлық ретінде бергендіктен, Ол оны ешқашан қайтарып алмайды» деп айтады.
Мұндай ойлау көптеген адамдардың тәубеге келгеннен кейін күнәға қайта оралуларына, олардың қауіпсіздіктеміз деп ойлап, күнәні жеңбестен құтқарылуға болады деп болжамдамдауларына мүмкіндік берді. Киелі кітапта сенушінің қауіпсіздігі туралы не айтылғанын дұрыс түсіну маңызды.
Жохан, 15:2-10-да жүзім бұтасы мен сабақтары туралы көпке белгілі метафора жазылған. Ол маңызды сұрақтарға жауап береді.
Біз қалай Мәсіхпен тығыз байланыста боламыз? «Менің өсиеттерімді орындасаңдар, сүйіспеншілігімізді қабылдап жүресіңдер» (10-аят). Мәсіхпен тығыз байланыста болмау деген, Оған мойынсұнбау дегенді білдіреді. Кейін не болады?
«Кім менімен байланыста тұрмаса, сол кесіліп тасталған сабақтар іспетті «сыртқа лақтырылып, кеуіп қалады». Кепкен сабақтар кейін жиналып, отқа жағылып, жанып кетеді» (6-аят).
Егер адам мойынсұнуды тоқтатса, осылайша Мәсіхпен байланысын тоқтатса, ол лақтырылып тасталады. Сабақтардың өртенуі туралы суреттеу – Құдайдың толық бас тартуын көрсетеді.
«Менімен тығыз байланыста тұрыңдар, сонда Мен өздеріңмен тығыз байланыста тұрамын. Сабақ өздігінен емес, тек бұтасымен байланыста тұрса ғана жеміс бере алады. Сол секілді сендер де Менімен тығыз байланыста тұрмасаңдар, рухани өнім бере алмайсыңдар» (4-аят). «Маған ілінген, бірақ рухани жеміс бермейтін әр «сабақты» Әкем кесіп тастайды» (2-аят). Егер біз Мәсіхке мойынсұнып, Онымен тығыз байланыста тұрмасақ, онда біз Құдайдың рақымымен басқарылып, өзгертілген, жарылқанған өмірді білдіретін жеміс бере алмаймыз. Егер адам Құдайға бағынбаса, ол өзін Құдай беретін өмір ағымынан ажыратады және енді Құдайдың рақымында өмір сүре алмайды. Жеміс бермейтін адамнан Құдай бас тартады.
Құтқарылу – бұл рақыммен берілген тегін сый, бірақ бұл Берушімен қарым-қатынассыз иелене алатын сый емес. Егер Салли Виллиге кітап сыйласа, онда кітап Виллиге тиесілі болып, ол онымен қалағанын жасай алады. Салли Виллидің кітапты оқығанын қалайды, бірақ ол оны оқымаса да, кітапты қайта қайтарып ала алмайды. Вилли кітапты жаңбырда қалдыра алады немесе жыртып, шыбындарды өлтіруге қолдана алады. Бірақ Салли кітапты алып кете алмайды, өйткені ол оны сыйлады. Кітапты иелену Саллимен қарым-қатынасқа байланысты емес. Вилли Саллидің жауы болса да, кітап бәрібір Виллиде қалады.
Жүзім бұтағымен байланысты метафора, құтқарылу адамның берушімен қарым-қатынассыз алатын сыйынан өзгеше екенін көрсетеді. Мәсіх – бізге өмір беретін сол жүзім бұтағы[1]. Құтқарылуды тек қарым-қатынас арқылы алуға болады. Киелі кітапта біз не істесек те, құтқарыламыз деп еш жерде айтылмаған. Құдайдан бөлек болу – құтқарылудан бөлек болу дегенді білдіреді. Бұл құтқаратын қарым-қатынасты біз Құдайға мойынсұну арқылы қолдаймыз[2].
Қазіргі кезде мұны шам мен электр энергиясы арқылы түсіндіруге болады. Шам – электр энергиясы тоқ берсе, жанады. Егер шамды тоқтан суырып тастаса, шам өздігінен жарықты ұстап тұра алмайды. Бізде сол сияқты Мәсіхпен қарым-қатынаста тұрсақ, мәңгілік өмірге ие боламыз. Оның өмірі бізге ағады. Егер біз Одан бөлініп, тығыз байланыста тұрмасақ, біз бұл өмірді ұстап, сақтап қала алмаймыз.
Кейбіреулер адамның есімі Мәңгілік өмір кітабына жазылғаннан кейін, өшірілуі мүмкін емес деп айтады. Бірақ ол өшірілуі мүмкін екенінің кем дегенде бір жолы бар:
«Ал кімде-кім Құдайдың хабары жазылған осы кітаптың сөздерінен бір нәрсені алып тастаса, Құдай оның осы кітапта бейнеленген мәңгілік өмір сыйлайтын ағаштан және қасиетті қаладан иемденетін үлесін де алып тастайды»[1].
Аян кітабының сөздерін алып тастап, кінәлі болған адамдар өте аз болуы мүмкін. Дегенмен, атап өтілген ескерту адамның есімі Мәңгілік өмір кітабынан сызып тасталынуы мүмкін екенін көрсетеді.
Жазба бірде құтқарылған адам күнәдан толық жеңіліп, құтқарылуды жоғалтуы мүмкін екенін ескертеді. «Жеңіп шыққан әркім солар сияқты аппақ киім киетін болады; Мен оның есімін Мәңгілік өмір кітабынан өшірмей, Әкемнің және Оның періштелерінің алдында ашық мойындаймын»[2]. Аянда қауымдарға көптеген уәделер берілген, олардың көпшілігі құтқарылу туралы айтады (2:11-ді қараңыз), бірақ барлық уәделер адамның іс-әрекетіне тәуелді. Бірде құтқарылған адамдар бар, бірақ күнә оларды жеңсе, олар құтқарылуларын жоғалтады.
Пауыл жаңадан сенімге келген салониқалықтар сенімнен бас тартты деп алаңдады. Ол егер осы жағдай орын алса, оның еңбегі зая кеткенін айтты[3]. Бұл сенушінің бастапқы тәубеге келуі пайдасыз болып қалатындай, сенімнен бас тартуы мүмкін екенін көрсетеді.
Петірдің 2-хаты, 2:18-21-де біз «теріс жолмен жүргендердің арасынан жуырда ғана құтылып шыққан» сенушілерді алдап жүрген жалған тәлім берушілер болғанын көреміз. Олар, яғни бұрынғы сенушілер «Иеміз әрі Құтқарушымыз Иса Мәсіхті танып білген», бірақ Оны тастап кеткен. Бұл аяттарда олардың күнәһар өмірлеріне қайта оралуларынан гөрі, шындық жолын ешқашан білмегендері жақсы болар еді деп айтылған. Бұл күнәға оралу арқылы құтқарылуды жоғалтуға болатындығын көрсетеді. Егер құтқарылуды жоғалту мүмкін болмаса, адам құтқарылғанға дейінгі өмірінен гөрі нашар жағдайға ұшырауы мүмкін болмайтын еді.
Біреуге бала болу өзгермелі. Біз бір кездері шайтан[4] мен зұлымдықтың балалары едік[5], бірақ бұл бала болу – Құдай бізді Өзінің балалары еткен кезде өзгерді. Адасқан ұл әкесінен алыс болған кезде өзінің ұл болу артықшылықтарын жоғалтқан еді. Ол қайтып келгенде, әкесі ол туралы өлген бұрынғы баласындай айтады[6].
Құдай сенушілердің өздерін қауіпсіз сезінгендерін қалайды. Бірақ оларды нақты қауіп-қатерге душар етуі мүмкін жалған сенім арқылы қауіпсіз сезінулерін қаламайды. Біз сенушілерге Құдай уәде етпеген нәрсені уәде етпеуіміз керек. Ол күнә жасасақ, біз құтқарылуды жоғалтпаймыз деп уәде берген жоқ. Ол бізге Киелі Рухтың жетелеуімен, күнәні жеңіп өмір сүруге күш беретінін уәде етті. Бұл уәде бізге қорқынышсыз өмір сүру үшін жеткілікті.
[7]Кейде сенушілер құтқарылғандарына күмәнданады. Олар бір кездері құтқарылғандарына сенімді бола алады, бірақ қазір олардың Құдаймен құтқаратын қарым-қатынасы барына күмәнданулары мүмкін. Киелі кітап бізді осы маңызды сұрақтың аясында күмәндандырып қоймайды. Сенушінің Құдайдың емтиханын тапсыра алам ба, жоқ па деп уайымдамай, өзінің құтқарылғанына сенімді болып, «қиямет сотында нық сеніммен»[8] тұруы – Құдайдың еркі.
Сенушінің күмәні болса, бірде нақты құтқарылғанына деген сенімі болғандықтан, күмән назардан тыс қалмауы керек. Ол «шынында сенім жолымен жүр ме, жоқ па, соны тексеруі»[9] керек. Егер адам құтқарылудың Киелі кітаптық қадамдарымен құтқарылғанын біліп, Мәсіхке мойынсұнып, Онымен тығыз байланыста өмір сүрсе, ол рухани тірі екеніне сенімді бола алады.
«Егер біреу сенімнен бас тартып, Құдайдан алыстап кеттім деп қорқатын болса, бұл жай ғана ақыл-ойдың алаңдаушылығы емес. Бірақ жұбанып, мазасыздықты жою үшін мұндай адамға – егер ол азғыруға өз еркімен мойынсұнып, құтқарылған адамның саналы өмірін ескермей кетпесе – шайтанның күші оны күнәға, әлемге, тәннің әлсіздігіне апармайтынын білу жеткілікті»
- Иаков Арминий, «Құтқарылғандыққа деген сенімділік туралы»
қысқартылған мақалалардан үзінді
Жібермеуге тиіс қателіктер: Төмендетілген күтімдер
Студенттер келесі ақпаратты түсіндіре алады.
Күнәні жеңу адамдарға екі нәрсеге: дәрменсіздіктер және мұра еткен бүлінгендікке байланысты мүмкін емес болып көрінеді. Құдай бізді адамдық шектеулеріміз үшін соттамайтынын ұмытпауымыз керек. Құдай бізге Оның еркін орындау үшін Рухымен күш береді. Дәрменсіздіктердің болуы – күнә емес, бірақ ешкім дәрменсіздіктің әсерінен күнә жасамауы керек.
Мұра еткен бүлінгендіктің әсері сенімге келгеннен кейін жалғасады, бірақ Құдай тазару үшін рақымын түсіреді. Құдай бізді мұра еткен бүлінгендікпен дүниеге келгеніміз үшін кінәламайды, бірақ егер біз онымен өмір сүруді жалғастырсақ, кінәлі боламыз. Сондықтан дәрменсіздіктер де, мұра еткен бүлінгендік те біздің күнәні жеңіп, жеңісті өмір сүруге деген үмітіміздің үзілуіне әсерін тигізбеу керек.
Мәсіхке деген сенім арқылы біз Онымен біргеміз. Біз Онымен Оның өлімі мен қайта тірілуі арқылы бірігеміз, біз үшін бұл – күнә үшін өліп, жаңа өмірге қайта тірілуді білдіреді. Ол бізбен және біз Онымен тығыз байланыстамыз. Мәсіхшілік өмір – бұл тек қолымыздан келгеннің бәрін жасай отырып, Оның үлгісімен жүруге тырысу ғана емес. Мәсіхшілік өмір – бізбен тығыз байланыста Мәсіхпен бірге өмір сүреді. Ол жер бетінде өмір сүрген кезде күнәні жеңді және Ол әлі де жеңіспен бізбен тығыз байланыста өмір сүреді.
Неліктен бұл маңызды
Үлкен қаладағы жолдың бойында жалба-жұлба киім киген әйел отырды. Оның шашы шатасқан және лас болды. Терісі кір-кір, күйе жағылған болды. Оның жүзінен үмітсіздік көрініп тұрды. Кенеттен жолда адамдар жүре бастап, бұрыштан ұлы ханзада өз нөкерлерімен бірге шыға келді. Ханзада әдемі, күшті және мейірімді болатын. Оның күймесі әйелдің жанынан өтіп бара жатқанда, ханзада ат айдаушыға: «Тоқта!» – деді.
Күйме тоқтаған кезде, ханзада өзінің қызметшілеріне: «Мен осы әйелге үйленгім келеді!» – деді.
Енді сахна өзгеруде. Біз неке қию күні сарайда тұрмыз. Біз не көреміз? Шатасқан майлы шаштарымен, әлі күнге дейін шүберек киген, кір-кір әйелді көреміз. Оның айналасында құрбылары той көйлегін, сабын мен иіссуды ұстап тұр, бірақ қалыңдық үйлену тойына дайындалуға қызығушылық танытпайды. Ішіндегі бір әйел: «Миледи, сіз үйлену тойына дайындалғыңыз келмейді ме?» – деп сұрайды. Қалыңдық: «Ханзада мені көріп, маған үйленгісі келген кезде менің түрім осындай болды, енді менің қазір түрімнің қандай болатыны маңызды емес шығар» – деп жауап берді.
Біз мұндай көзқарасқа қатты таңғалатын едік. Ханзада оны жақсы көреді, сондықтан оның осы күйде қалғанын қаламайды. Ханзада оны тартымсыз болған кезінде жақсы көргендіктен, әйелдің қазір ол үшін ең жақсы күйде көрінгісі келуі керек.
Құдай бізді күнәһар болған кезімізден жақсы көреді, бірақ бұл – күнә маңызды емес дегенді білдірмейді. Ол бізді жақсы көреді, сондықтан біздің жағдайымыздың өзгергенін қалайды. Ол бізді жақсы көреді, сондықтан біз Оған ұнайтын бейне мен мінезге ие болғымыз келуі керек.
Жеңімпаз өмірге арналған тәжірибелік нұсқаулар
Бүкіл әлемде мәсіхшілік ақиқат ырымдармен араласып кеткен. Кейбіреулер қайталанатын дұға, эмоционалдық күй кешу, зұлым рухтардан (олар күнәлардың себебі деп санайтын) бас тарту, өзін-өзі азаптау, тұмар тағу, үйде мәсіхшілік белгілерді орналастыру, денені арнайы майлармен майлау арқылы күнәні жеңуге үйретеді. Бұл жеңіске жетуді «рухани сиқыр» арқылы іздеу!
Басқалары өте қарапайым түрде күнәні жеңуге болады деп үйретеді. Олар құтқарылу және Рухқа кенелу тәжірибесі – күнәнің күшін мәңгілікке жояды дейді. Олар рухани өсу, тәртіп және үнемі сергек болу қажеттілігін атап көрсетпейді.
Әлем мен күнәні жеңе алмай жүрген адамдар өздеріне шын жүректен келесі сұрақтарды қоюлары керек:
1. Мен шынымен қайта туылдым ба? Мен бұрынғы өмірім үшін өлдім бе; мен тәубеге келдім бе? Менде Мәсіхпен тығыз байланыстағы жаңа өмір – жаңа көзқарас, жаңа тілектер, Құдайға деген аңсау бар ма (Қорынтт. 2-хат, 5:17)? Мәсіх менің жүрегіме Киелі Рух арқылы кірді ме? Мен күнәні қандай күштермен жеңуге тырысамын – тек өзімнің күшіммен бе, әлде менде өмір сүретін Құдайдың күшіне сүйенемін бе (Ғалаттықтарға, 2:20)?
2. Мен Құдайдың Сөзін жүрегіме сақтадым ба? Забур жыршысы: «Күнә жасамауым үшін Саған қарсы, жүрегіме сақтадым айтқандарыңды» – деп куәлік етеді (Забур жырлары 118:11). Сәбилер ана сүтімен қалай қоректенсе, біз де Құдайдың Сөзімен солай қоректенуіміз керек (Петірдің 1-хаты, 2:2).
3. Мен өзімді күнә үшін өлі және Құдай үшін тірімін деп санаймын ба? «Сендер де өздеріңді «күнәға жоқпыз, енді Құдайдың құрметі үшін Иса Мәсіхпен тығыз байланыста өмір сүреміз» деп есептеңдер!» (Римд. хат, 6:11). Мен азғырулардан, олардың маған әсер ететін күші жоқ деп сеніммен бас тартамын ба?
4. Мен жеңіске жету үшін Құдайға сенім артамын ба? Елші Жохан Құдайдың отбасында дүниеге келген адам «...осы күнәлі дүниені жеңеді. Осы дүниені жеңген күш – біздің сеніміміз» деп жариялады (Жоханның 1-хаты, 5:4). Елші Пауыл Иса Мәсіхтің айқыштағы өлімінен басқа ештеңемен мақтаңғысы келмейтінін айтты, өйткені айқыш арқылы бүкіл әлем бізге деген өзінің күші мен бақылауынан айырылды (Ғалатт. хат, 6:14). Егер біз барлық әділдіктің қайнар көзі – Исаны ұмытатын болсақ, үнемі жеңіске жету мүмкін емес.
5. Мен күн сайын күнәға орын бермей, сеніммен Иса сияқты болуға тырысамын ба? Мәсіхшілік өмірдің қай кезеңінде тұрғандығымыз маңызды емес, жеңіс бізге ешқашан автоматты түрде келмейді. Біз Исаның күнәға деген көзқарасын саналы түрде қабылдап, Оны үлгі етуіміз керек (Римд. хат, 13:14; Ефест. хат, 4:24).
6. Мен Құдай берген рухани қару-жарақпен жабдықталамын ба? Өмірлік шайқаста көптеген сенушілер шайтанның отты оқтарынан жарақат алады, өйткені олар өздерінің рухани қорғалуына мән бермейді (Ефест. хат, 6:11).
7. Мен өзіндік тәртіпті жаттықтырамын ба? Біздің сенімімізде қаншалықты жетілгеніміз маңызды емес, әрқашан өз-өзімізді тәрбиелеуіміз қажет. Мен денемді тәртіпке саламын ба? Аштық, ұйқы немесе жыныстық қатынас сияқты табиғи тілектер, менің жаңа туған жанымның мақсаттарына қызмет етуі үшін бақылануы керек. Менің денем күнәмен зақымданғандықтан, бұл тілектер баланста болмайды. Дененің басқаруына жол бермеу керек; ол Рухқа қызмет етуі керек. Пауыл өзінің денесін Оған мойынсұну үшін және рухани күйреуге жол бермеу үшін тәртіпке келтіргенін айтты (Қорынтт. 1-хат, 9:25-27). Мұндай тәртіп әрбір сенушіге қажет.
8. Мен мойынсұнушылықта өмір сүремін бе? «Нұрда тұру…» бұл елші Жоханның ескертуі (Жоханның 1-хаты, 1:7). Көкке барар жолда көптеген тұзақтар, кедергі тастар, қауіпті жерлер бар, сондықтан біз әрқашан Құдай Сөзінің нұрында (Забур жырлары, 118:105) және Киелі Рухтың жетелеуінде (Жохан, 14:26) жүруіміз керек. Мойынсұну арқылы біз Исаның қаны бізді тазартады деген уәдеге қол жеткіземіз. Түнекте жүру тәуелділік пен күнәға батуға әкеледі, ақыр соңында нұрға оралудан бас тартқандарды өлімге әкеледі.
Студенттер сенім ұстанымын кем дегенде екі рет бірге оқулары керек.
Сенім ұстанымы
Күнәні жеңіп өмір сүру – әрбір сенушінің артықшылығы мен міндеті. Сенушінің Мәсіхпен қарым-қатынасынан туындайтын өмірі бар. Құдайдың еркін орындаудан бас тартып, күнәға оралған сенуші, оны құтқаратын Құдаймен қарым-қатынасын бұзады. Құдай сенушіге азғыруды жеңе алатындай күш пен рақым береді.
9-сабақ Тапсырма
(1) Оқу және жазу tапсырма: Әрбір студентке төменде көрсетілген үзінділердің бірі тағайындалады. Келесі сабақтың алдында үзіндіні оқып, осы сабақтың тақырыбы туралы не айтылғаны туралы абзац жазу керек.
Петірдің 2-хаты, 1:1-11;
Еврейл. хат, 10:23-39;
Аян, 3:14-22;
Жақыптың хаты, 1:21-27;
Матай, 13:18-23.
(2) Тест: Келесі сабақты 9-сабақ бойынша тесттен бастайсыз. Дайындық кезінде тест сұрақтарын мұқият зерттеңіз.
(3) Оқыту тапсырмасы: Студент осы курсты өту кезінде кем дегенде жеті рет, курсқа қатыспайтын адамдарға осы сабақты немесе сабақтың бір бөлігін үйретуі керек. Бұл сабақ қауым тобында, үй тобының кездесуінде немесе басқа ортада өтілуі мүмкін. Сіз бұл мүмкіндіктерді жасауға және сынып жетекшіңізге есеп беруге жауаптысыз.
9-сабақ Зерттеуге арналған сұрақтар
(1) Жоханның 1-хатының негізгі тақырыбы қандай?
(2) Жохан сенушінің қандай сипаттамаларын ерекше атап өтеді?
(3) Қорынтт. 1-хат, 10:13 аятта қандай төрт ақиқат көрсетілген?
(4) Сенуші Мәсіхпен тығыз байланыста тұруын қалай жалғастырады?
SGC exists to equip rising Christian leaders around the world by providing free, high-quality theological resources. We gladly grant permission for you to print and distribute our courses under these simple guidelines:
No Changes – Course content must not be altered in any way.
No Profit Sales – Printed copies may not be sold for profit.
Free Use for Ministry – Churches, schools, and other training ministries may freely print and distribute copies—even if they charge tuition.
No Unauthorized Translations – Please contact us before translating any course into another language.
All materials remain the copyrighted property of Shepherds Global Classroom. We simply ask that you honor the integrity of the content and mission.